29
сентябрь
2020
«Мектепке жол» акциясына атсалысыңыз, ағайын!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Мектепке жол» акциясы бұрынғыдай 2 ай ғана емес, жыл бойы жүргізілмек. Осыған орай мұқтаж азаматтар мен қайырымды жандардың арасында көпір болуды көздейтін «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» жаңа платформасы іске қосылды.
Көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады. Бұл сенімге құрылған ең басты байланыс болмақ. Көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз, сондай-ақ қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылауға болады.
«Менің атамекенім» порталындағы «Мектепке жол» платформасы – халықтың әлеуметтік мәселелеріне жылдам жауап беруге, сондай-ақ қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін ыңғайлы және ашық жүйе. Көмек алғысы келетін адам порталға кіріп, қажетті деректерді толтыруы тиіс. Онда көп мәлімет сұралмайды, бар-жоғы мұқтаж жанның аты-жөні мен телефон нөмірі, баланың ЖСН нөмірі керек.
Ал қамқорлық көрсетуді қалайтындар «Мектепке жол» платформасының төменгі тұсына түсіп, «Қалай көмектесе аламын?» деген тақырыпшаның астында онлайн түрде, банк арқылы немесе тауар бойынша қолұшын созуға болады. Бұдан бөлек, волонтер болу арқылы да қайырымдылық шарасына ат салысуға шақырамыз!





